ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ФАРМАКОПЕЯ ОРТАЛЫҒЫ

Жоғары фармацевтикалық білімді негізгі әлемдік трендтеріне сәйкес дамытып, одан әрі жетілдірі аясында 2020 жылдың маусым айында С.Д.Асфендияров атындағы ҚазММУ-де Ғылыми-білім беру фармакопея орталығы (ҒББФО) құрылды. ҒББФО Б.А. Атчабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина Институтының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

Ғылыми-білім беру фармакопея орталығына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының бас редакторы, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Төлегенова Ардақ Орынбасарқызы жетекшілік етеді. Ардақ Орынбасарқызы 2020 жылдың наурыз айында Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Фармакопея комитетінің төрағасы болып сайланды.

Ғылыми-білім беру фармакопея орталығының негізгі міндеттері:

  • дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігіне өңірлік талаптарды белгілейтін негіз құжат ретінде саналатын ЕАЭО Фармакопеясын құруға қатысу;
  • ЕАЭО Фармакопея комитетінің құрамында оның қызметіне белсенді қатысу және мамандандырылған сараптамалық топтарының құрамында жұмыс атқару;
  • заманауи ғылыми зерттеулерге және аналитикалық эксперимент техникасының жетістіктеріне негізделген, әлемнің жетекші фармакопеяларымен (Еуропалық фармакопея, Британдық фармакопея, АҚШ Фармакопеясымен) үйлестірілген дәрілік заттар сапасының фармакопеялық стандарттарын енгізу;
  • жоғары білікті фармацевтикалық кадрларды дайындауды жетілдіру және қайта дайындауда бакалавриат, магистратура, PhD-докторантура дайындау деңгейінде фармакопеялық стандарттарды енгізу;
  • халықаралық фармакопеялық және реттеуші органдармен әріптестік және тығыз өзара іс-қимылды орнату, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын стандарттау және бақылау саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық орнату.